Көшірме суретін салған: Абшукиров Нурсултан Мухаметалиулы
Жеті қазына — қазақтың дәстүрлі дүниетанымындағы философиялық
түсініктердің бірі. Қазақ халқы Жеті қазынаны ер жігіттің өмірімен байланыстырып, оның ұғымына мыналарды жатқызады:
- жүйрік ат;
- қыран бүркіт;
- құмай тазы;
- берен мылтық;
- қанды ауыз қақпан;
- майланғыш ау;
- өткір кездік.
Ер жігіттің жүйрік аты — қанаты. Қыран бүркіт — қуаты. Құмай тазысы — абыройын асырар сенімді серігі. Мылтығы — қахарлы оты. Қақпаны — серті, ауы — әдіс-айласы, кездігі — сұсы. Халық Жеті қазынаны өмір қажетіне негіз етіп таратқан. Қазақ халқының Жеті қазынаны — жеті ырыс деп атауының да мәні осында. “Жеті ырысқа” мыналарды жатқызады:
- 1) адамның ақылы,ой-санасы. Өйткені, адамзат ақылы арқылы хайуанаттар дүниесінен бөлініп ерекшеленеді, әрі дүниенің қожасы болды;
- 2) денсаулық, яғни дененің саулығы;
- 3) ақ жаулық, яғни үйдегі әйел адам — ердің жары, балалардың анасы. Халқымыз ежелден “Бас екеу болмай, мал екеу болмайды” деп, әйелді тіршілік иесі, адам өмірін жалғастырушы деп қастерлеген;
- 4) бала. Бала — адам өмірінің жалғасы, қуанышы;
- 5) көңіл. Көңіл мен пейіл кең болса, ынтымақ пен береке орнайды;
- 6) жер. “Жерсіз — ел тұл, ерсіз — жер тұл”;
- 7) ит. Ол әуел бастан-ақ адамға сенімді серікболған.
Ал ислам аңызы бойынша, Жеті қазынаға мыналар жатқызылады:
- 1) Қыдыр(қызыр). Ол өзі ұнатқан адамдарына ғана дариды. Қыдыр дарыған адам байлыққа кенеледі деген түсінік бар;
- 2) бақ. Ерекше жаратылған құдірет иесі. Бақ дарымайды, қонады. Бақ қонған адам ел мен жерге қожалық етеді;
- 3) ақыл. Ақыл — байлық пен бақыттың тірегі;
- 4) денсаулық. Деніңізде саулық болмаса, өміріңізде сән де, мән де болмайды делінеді;
- 5) ақ жаулық. Дін аңыздары бойынша, Алла адамды топырақтан жаратып, жан берген соң, адам ұрпағын тарату үшін оның сол жақ қабырғасының біреуінен Хауа Ананы жаратқан;
- 6) тұз. Тұз — Алланың адамдар мен жан-жануарларға берген несібесі, таусылмайтын кені;
- 7) ит. Адам мен Хауа Ананың алғашқы серігі, қорғаушысы. Осы айтылған ислам аңызындағы Жеті қазына Алланың кереметімен ғана болып отырады. Мұндағы мақсат — “Барлық іс Алланың ұйғарымында, құдайсыз қурай сынбайды” дегенді білдіреді.
Абшукиров Нурсултан Мухаметалиулы
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «№83 мектеп- гимназиясының»ШЖҚ КММ көркем еңбек пәнінің мұғалімі
Пікір жоқ
343 қаралды
Авторы: 83mektep
Қосылды: 29.03.2022 в 09:41