Бүгін біздің білім ордамыз, №83 мектеп-гимназиямызда соңғы қоңырау мерекесіне арналған салтанатты жиын өз деңгейінде өтті. Ұстаздар атынан түлектерге деген ыстық ықыласын Руслан Манарбекұлы ән шашумен жеткізді. Түлектер де «Бір үйдің баласындай» атты әсем әуендерін тарту етті. Карим Мейрамбек домбырада «Адай» күйін шертіп, көпшілікті өнерімен таңғалдырды.
Құрметті мектеп бітіруші түлек! Сіздер үшін осынау күн айшықты да, айдынды, мерекелі де мерейлі, табысты да толғамды күнге айналып отыр. Өйткені сіздер дәл осынау күні өзіңіздің қимас бір мекеніңізге айналған, балдәурен шақтың балауса қызығын өткізген, сөйтіп бойыңызға білікті білім мен тәлімді тәрбие жинаған мектеп анаңыздан түлеп ұшқалы тұрсыз. Сіздер мектеп партасында отырып, ұстаз аузынан естілген әр бір білім жаңалығының қабылдаушысы болып қана қойғаныңыз жоқ, сіз осынау сәттерде өзіңіз де мектебімізде өткізілген қаншама игілікті шаралардың белортасында жүрдіңіз, жарқын да мағыналы істердің жанашыр куәгері атандыңыз. Сіздердің бойыңызға білікті білім мен тәлімді тәрбие егуді өзімнің жауапкершілік міндетім деп қана ұғатын барлық ұстаздарыңыз енді Сіздердің дәл осындай биіктен көріне білгеніңізге қуанады. Сіздер алдағы өміріңізде Абай атамыз айтқандай: "бес нәрсеге асық, бес нәрседен қашық" бола білсеңіз ғана өзіңіздің ұстаздарыңыз төгілген тер өтелді деп біледі. Оның дәлелі «Алтын белгіге»үміткер оқушыларымыз Сериков Арсен мен Тұрғанбекова Қарақат деп білеміз. Сонымен қатар Айдарбек Нұрбек, Кәбір Алмат, Нұрсейіт Айша, Темірболатов Арсен «Үздік аттестат» үміткерлері деп танылып, Хамитова Мадина 11-сыныпты үздік аяқтағаны үшін мақтау қағазымен марапатталды. Соңғы қоңырау соғу мәртебесі 11 «Ә» сынып оқушысы Тұяқ Мақсат пен 1 «В» сынып оқушысы Бақытжанқызы Әсемге берілді. Мектеп бітіруші түлектердің ата-аналарының атынан Серғазы Зейнептің әкесі Сергазинов Досбол Сергазыұлына сөз сөйледі.Түлектер атынан Сериков Арсен сыныптастарына өз жылы лебізін білдіріп, ақ жол тіледі.
Ардақты ұстаздар, құрметті шәкірттер және ата-аналар! Баршаңызды оқу жылының аяқталуымен шын жүректен құттықтаймыз!