Наурыз мерекесін әлемнің түрлі елдері тойлайды. Біздің халқымыз да наурыз мерекесін жаңа жылдың басталуымен байланыстырып, ерекше ықыласпан қарсы алады. 22 наурыз – қазақтың төл жаңа жылы. Адамдар бұл мерекені Самарқанның көк тасы жібіп, күн мен түн теңеліп, араздасқан ағайын татуласып, ұлттық ойындар ойналып, түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылатын көктемнің шуақты мерекесі ретінде есінде сақтайды.
Наурыз айының алғашқы мерекесі – Алғыс айту күні болса, еліміздің батыс өңірінде 14 наурыз «Көрісу күні» мейрамы аталып өтеді. Бұл – Наурыз мерекесінің бастауы. Қыстан аман-есен шыққан жұрт бір-бірімен қуана көрісіп, мәз мейрам болады. Жеті дәмнен дайындалатын наурыз көженің дәмін татып, бір-біріне ізгі ниеттерін білдіреді.
Біздің білім ордамызда да Наурыз мерекесін тойлау жыл сайынғы дәстүрге айналған. Осы жылы да ұстаздарымыз бен оқушыларымыз, мектеп ұжымы наурыз мерекесін атап өтті. Мектеп кітапханасында суреттер көрмесі ұйымдастырылып, оқушылардың өз қолымен салған суреттері ілінді. Әр сыныпта Наурыз мерекесіне орай, «Наурыз – думан» тақырыбында сынып сағаттары өткізілді. Ән айтып, би билеп, өлең шумақтарын жаттап, өз өнерлерін ортаға салды. Сынып жетекшілері салт-дәстүрлер мен ұлттық тағамдар туралы ақпарат беріп, наурыз мерекесінің шығу тарихына да тоқталды. Мектеп дәлізі ою-өрнектер бейнеленген әшекей бұйымдармен безендірілді. Мектеп ұжымы мен, оқушыларға, ата-аналарға мерекелік іс-шараға арналған онлайн концерт ұсынылды.
Баршаңызға Наурыз мерекесі құтты болсын!